Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелдің қазіргі жары Жұлдыз Мырзәли әлеуметтік желілерде өзіне және отбасына бағытталған сын-пікірлерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, отбасы қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар, пікірлер, скриншоттар мен бейнематериалдарды жинап жатыр. Жұлдыз Мырзәли бұл деректердің алдағы уақытта сотта дәлел ретінде ұсынылуы мүмкін екенін айтты.
«Бізге қатысты айтылған қорлау, жала жабу және негізсіз айыптаулардың барлығы заңгерлер мен тиісті мамандардың қарауына беріледі. Үндемей жүргеніміз – кінәмізді мойындағанымыз емес. Қажетті дәлелдерді жинап жатырмыз», – деді ол.
Сондай-ақ Жұлдыз Мырзәли жалған аккаунттар арқылы пікір қалдырып жүрген желі қолданушыларына да ескерту жасады. Оның сөзінше, фейк парақшалар жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік бермейді.
«Әр адам өз сөзі мен әрекеті үшін заң алдында жауап береді. Жалған аккаунт ашқандарыңыз біз сіздерді анықтай алмаймыз дегенді білдірмейді. Біз бұл жұмысты енді ғана бастадық. Әркім өз ісіне сай жауап береді», – деп жазды ол.