Қоғам

eGov-тағы сұмдық ақау: қазақстандық жүйеге кіргенде өзге адамның жеке кабинетіне түскен (ВИДЕО)

eGov-тағы сұмдық ақау: қазақстандық жүйеге кіргенде өзге адамның жеке кабинетіне түскен (ВИДЕО)

Желіде елдегі басты «Электронды үкімет» жүйесінің қауіпсіздігіне қатысты үлкен дау басталды. Threads әлеуметтік желісінде Шерхан Қайратұлы есімді қолданушы QR-код арқылы eGov Mobile қосымшасына кірген кезде өзінің емес, мүлдем бөтен Балхан Асқар есімді азаматтың жеке кабинетіне кіріп кеткенін хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Пайдаланушының айтуынша, ол жүйеден өзге адамның қызмет көрсету тарихын, медициналық деректерін, төлемдерін және тіпті банкте несие алудан бас тарту сияқты құпия мәліметтерін көріп таңғалған.

«Бұл не сонда? Қауіпсіздік шаралары құрдымға кеткен бе?», -деп наразылығын білдірді ол.

Осы жазбадан кейін eGov.kz ресми өкілдері үн қатып, азаматпен жеке хабарламада байланысқа шыққандарын және ақпаратты тексеру үшін мамандарға жолдағандарын мәлімдеді.

Дегенмен, бұл жағдай желіде үлкен резонанс тудырды. Оқырмандар мұндай сорақылықтың бірінші рет емес екенін жарыса жазып жатыр.

Біреулер бұған дейін де бөтен аккаунтқа кіріп кетіп, қорқып шығып кеткенін айтса, енді бір қолданушылар өздеріне бейтаныс балалардың тіркеліп тұрғанын көріп, «көпбалалы болып кеттік» деп күлгендерін де жасырмады. Азаматтар цифрлық қауіпсіздіктің бұлай ақсауы дербес деректерге үлкен қауіп төндіретінін айтып, дабыл қағып жатыр.

Барлық жаңалық