Әлеуметтік желіде тойда тілек айтуға шығып, ерсі уағыз айтқан ер адамның видеосы қызу талқыланды. Осыған дейін бұл туралы жазған едік. Аталған жағдайға қатысты президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин пікір білдіріп, мұндай әрекеттердің ұлттық болмысымыз бен елдік ұстанымдарымызға мүлдем қайшы екенін атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ерлан Қариннің айтуынша, видеодағы ер адамның әйелдерді кемсітуі, сондай-ақ әншілер мен музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі қазақтың дәстүрлі таным-түсінігіне сәйкес келмейді.
«Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», - деді ол.
Сонымен қатар, ол өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалады. Мемлекет таңдаған бағыт керісінше білім мен ғылымды, өнер мен мәдениетті дамытуға басымдық беретінін жеткізді.
«Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан», — деді Қарин.
Сөзінің соңында Ерлан Қарин ұлттық болмысқа, Конституциялық құндылықтарға әрі елдік ұстанымдарға нұқсан келтіретін мұндай кертартпа әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажеттігін баса айтты.