Қара теңізде Түркиядан Ресейге жеміс-жидек пен көкөніс тасымалдап бара жатқан Ro-ro NADHEZNA кемесіне ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрон) шабуыл жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Соққы салдарынан өрт шығып, экипаждың төрт мүшесі зардап шекті, олардың үшеуі -Түркия азаматтары.
Алынған мәліметтерге сәйкес, кеме Түркияның Самсун портынан Ресейдің Новороссийск портына бағыт алған. Оқиға Новороссийскіден 30 теңіз мильдей қашықтықта болған.
Кеме капитаны Ялчын Шахин бұл шабуылға украиналық тарап жауапты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл кезінде алты-жеті дрон қолданылған.
«Бәрі аман, бірақ жараланғандар бар. Біз көмек күтіп отырмыз»,- деді капитан.
Соққыдан кейін экипаж туындаған өртті сөндіруге кіріскен. Түрік БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, оқиға орнында дрондардың әлі де жүргеніне байланысты Ресей Әскери-теңіз күштері көмек көрсету үшін кемеге жедел жақындай алмаған.