🏛️ Саясат

Қазақстан ішкі нарықты негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етті - Бектенов

Қазақстан ішкі нарықты негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етті - Бектенов
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмалары аясында елімізде отандық тауар өндірушілерді қолдаудың және олардың ішкі нарықтағы үлесін арттырудың кешенді жүйесі қалыптасқанын атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктері іске қосылды. Ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Салықтық және мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары жаңа өндірістерді іске қосып, қолданыстағы өндірістердің қуатын кеңейтуге қолайлы жағдай жасап отыр. Енді ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін тұрақты түрде арттырып, қазақстандық тауарлардың экспортын кеңейту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында отандық тауар өндірушілерді дамытуға және олардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға қажетті тетіктер қалыптастырылғанын айта кетті. 
 
«Мемлекеттік қолдау шараларына жедел қол жеткізіп, тауарлардың жергілікті шығу тегін растау мақсатында Отандық өндірушілер тізілімі жасалды. Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу рәсімдері кезінде адал кәсіпкерлерге басымдық берілуін қамтамасыз етеді. Биыл іске қосылған Ұлттық тауарлар каталогі тауарларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйенің негізін қалады. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған»,— деп атап өтті Олжас Бектенов. 
 
Қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары халықаралық тәжірибеге сәйкес келетіні және қазірдің өзінде нақты нәтижесін беріп жатқаны баса айтылды.
«Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті», — деді Премьер-министр.
Барлық жаңалық