Жасанды интеллект бүгінде әлемдік экономиканың, мемлекеттік басқарудың және ғылымның негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл бағыттағы жаһандық бәсеке күшейген сайын Қазақстан да цифрлық трансформацияны жеделдетуге бет бұрды. Ақордада өткен кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Ал осы күндері Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастарды біріктірген III Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының өтуі елдің технологиялық амбициясын айқын көрсетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жасанды интеллект – экономиканың жаңа драйвері
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект енді болашақтың технологиясы емес, қазіргі экономиканың басты қозғаушы күшіне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 триллион долларға жетеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл бәсекеден шет қалмауы тиіс екенін атап өтті.
Президент алдағы бес жыл ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы қажет екенін айтып, Үкіметке жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамытуға арналған кешенді ұлттық құжат әзірлеуді тапсырды. Құжат экономиканың нақты секторынан бастап мемлекеттік басқару, білім беру, медицина және өндіріске дейінгі барлық саланы қамтуы тиіс. Сонымен қатар Президент мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі әлі де қағаз бюрократиясының цифрлық көшірмесі деңгейінде қалып отырғанын айтып, жасанды интеллектіні енгізу арқылы мемлекеттік аппараттың жұмысын түбегейлі қайта қарау қажеттігін жеткізді.
Астана – әлемдік AI орталығына айналды
Қазақстанның цифрлық даму бағытын көрсеткен тағы бір маңызды оқиға – 2–8 тамыз аралығында Астанада өтіп жатқан III Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы (International Olympiad in Artificial Intelligence – IOAI). Биылғы додаға 106 мемлекеттен 500-ден астам дарынды мектеп оқушысы қатысып жатыр. Бұл – мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді халықаралық AI жарыстарының бірі. Олимпиада барысында қатысушылар:
* жасанды интеллект модельдерін әзірлеу;
* машиналық оқыту (Machine Learning);
* компьютерлік көру (Computer Vision);
* табиғи тілді өңдеу (Natural Language Processing);
* автономды роботтарды бағдарламалау;
* инженерлік командалық жобалар бойынша бақсынауда.
Бұл олимпиаданың Қазақстанда ұйымдастырылуы еліміздің халықаралық технологиялық қауымдастықтағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Президент: «Қазақстан цифрлық мемлекет болуы керек»
Халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жарысты тек білім сайысы емес, Қазақстанның технологиялық болашағын айқындайтын маңызды алаң ретінде бағалады.Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орында тұрғанын, жаңа технологияларды енгізу деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап келе жатқанын, бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастырып жатқанын атап өтті.
Президент өткен жылы Бейжіңде өткенхалықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылардың 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алғанын еске алып, бұл нәтиже еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің жоғары екенін көрсететінін айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғанын, ал 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы осы стратегиялық мақсаттың жалғасы екенін атап өтті.
Президенттің пікірінше, халықаралық олимпиада медицина, білім беру, экология және басқа да маңызды салаларға арналған жаңа AI шешімдерінің дүниеге келуіне ықпал ететін халықаралық ынтымақтастық алаңы болмақ.
Қазақстанның алдында қандай міндет тұр?
Соңғы айларда елімізде жасанды интеллект саласында бірнеше маңызды бастама қолға алынды. Олардың қатарында AI-Sana білім беру бағдарламасы, Орталық Азиядағы ең ірі ұлттық суперкомпьютердің іске қосылуы, халықаралық AI олимпиадасын өткізу, жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық стратегияны әзірлеу. Бұл бастамалар Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп, цифрлық экономиканың негізін қалыптастыруға бағытталған.
Алайда Президенттің өзі атап өткендей, басты міндет – бастамаларды жариялаумен шектелмей, оларды нақты нәтижеге жеткізу. Заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру және білікті мамандар даярлау қатар жүруі тиіс.
ЖИ-ге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік...
Жасанды интеллект бүгінде тек IT саласының емес, мемлекеттің экономикалық өсімі мен ұлттық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналып отыр. Ақордадағы кеңесте қабылданған шешімдер мен Астанада өтіп жатқан халықаралық олимпиада Қазақстанның осы бағыттағы стратегиялық ұстанымын айқындады. Ендігі маңызды кезең – қабылданған тапсырмалардың орындалуы. Егер ұлттық стратегия уақытылы жүзеге асып, білім, ғылым, бизнес және мемлекеттік сектор бірлесіп әрекет етсе, Қазақстан Орталық Азиядағы цифрлық көшбасшылықты сақтап қана қоймай, жасанды интеллект экожүйесінде халықаралық деңгейдегі ықпалды ойыншылардың біріне айналу мүмкіндігіне ие болады.