Қоғам

Қазақстан шетелдік құрылыс материалдарының импортын шектеді

Қазақстан шетелдік құрылыс материалдарының импортын шектеді

Еліміздің құрылыс саласын қолдау және отандық өндірушілерді қорғау мақсатында үшінші елдерден келетін бірқатар құрылыс материалдарының импортына шектеу енгізілді. Бұл шешім ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтап, отандық өндірістің өсуіне жол ашты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сондай-ақ, ішкі нарықты минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз ету мақсатында олардың экспортына лицензиялау талабы енгізілді. Бұл қадам фермерлердің минералды тыңайтқыштарды белгіленген қолайлы бағамен алуына кепілдік беріп отыр.

Металл сынықтары айналымы саласында да реттеу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Бұл қара металлургияны дамытуға, болаттың жаңа маркаларын игеруге, сондай-ақ автомобиль, машина жасау және құрылыс салаларына қажетті өнім өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық кәсіпорындарға жасалып жатқан қолдаулар жайлы айтты.

«Министрлік өндірісті толық жүктеу және отандық өнім үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылды. Ірі компаниялар отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді сатып алу тетіктерін кеңейтіп, ел ішінде өндірілетін өнім үлесін арттыру және шағын, орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда», — деді министр.

Барлық жаңалық