«Қазақтелеком» компаниясы мен полиция қызметкерлері бірігіп, қазақстандықтардың 30 миллион теңгесін алаяқтардан сақтап қалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бірінші оқиға 10 шілдеде болған. Интернет алаяқтары зейнеткерді әбден қорқытып, алдап соғады. Әжей пәтерін сатқан 20 миллион теңгесін банктен шешіп, ұрылар айтқан шотқа аударуға барған. Бақытқа орай, Антифрод орталығының мамандары мен тәртіп сақшылары үлкен қылмыстың жолын дер кезінде кесті.
Арада үш күн өткенде Шымкентте тағы бір адам алдана жаздады. Қала тұрғыны алаяқтардың сөзіне сеніп, 10 миллион теңгесін соларға жібермек болған. Мамандар сигнал түскен бойда жылдам әрекет етіп, ақшаны аман алып қалды.
Қазір ұрылар халыққа жиі қоңырау шалады. Өздерін банк қызметкері, полиция немесе байланыс операторымыз деп таныстырады. Сосын «ақшаңызға қауіп төніп тұр, оны қауіпсіз шотқа аударыңыз» деп үгіттейді.
Осыған байланысты «Қазақтелеком» мамандары мына қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды:
-
Ақшаңызды ешқашан бейтаныс «қауіпсіз» немесе «резервтік» шоттарға аудармаңыз.
-
Телефонға келген SMS кодты және банк картасының деректерін ешкімге айтпаңыз.
-
Күдікті қоңырау түссе, сөйлеспей тұтқаны қоя салыңыз. Сосын ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласып мән-жайды біліңіз.