Астанада «Болашақ ойындары 2026» атты халықаралық турнир өтеді. Жарыс 29 шілдеде басталып, 9 тамызға дейін жалғасады. Бұл ауқымды шара Samruk-Kazyna қорының қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Оның басты технологиялық серіктесі – «Қазақтелеком» компаниясы, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Еліміздің бас байланыс операторы барлық спорт алаңдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл спортшыларға, ұйымдастырушыларға және әлемдегі миллиондаған көрерменге үзіліссіз байланыс сыйлайды.
Турнирге елуден астам елден 800-ге жуық спортшы келеді. Олар 4 миллион доллардан асатын жүлде қорын сарапқа салады. Қазақстанның атынан 11 команда қатысып, жарыстың барлық сегіз түрінен бақ сынайды. Қонақтарды қарсы алып, жұмысты реттеуге 1300-ден астам ерікті дайындалды.
Жарыстың ашылу салтанаты 29 шілде күні «Барыс Аренада» өтеді. Көрермендерді жасанды интеллект, роботтар, жарық шоуы және қазақстандық жұлдыздар қатысатын ерекше кеш күтіп тұр. Одан кейінгі негізгі ойындар «Барыс Арена», «Qazaqstan» кешені, Жекпе-жек сарайы және Beeline Arena орталығында жалғасады.
Спорт залдарына бара алмайтын жанкүйерлер жарысты Qazsport арнасынан тікелей эфирде көре алады. Бұған «Қазақтелекомның» мықты техникалық мүмкіндіктері толық жағдай жасайды.
Бұл жарыстың басты ерекшелігі – кәдімгі спорт пен бейнеойындардың бірігуі. Спортшылар алдымен компьютерде ойнап, сосын нақты алаңда күш сынасады. Екі кезеңнің ұпайы қосылып, жеңімпаз анықталады.
Ойындар сегіз бағыт бойынша өтеді. Олардың қатарында футбол, баскетбол, жекпе-жек, би, CS2, PUBG, Dota 2 және MLBB ойындары бар. Бұл бағыттардың әрқайсысына еліміздің ірі компаниялары демеушілік жасайды.