Азамат Ахметов — Қарағанды қаласындағы «Қазақтелеком» компаниясының инженері. Ол осы салада бес жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның басты міндеті — байланыс желілерінің үзіліссіз әрі дұрыс жұмыс істеуін қадағалау.
Маманның жұмыс күні әрқашан «қауіпсіздік минутынан» басталады. Ол әріптестерімен бірге алдымен жұмыстағы қауіп-қатерлерді талқылап, содан кейін ғана іске кіріседі. Өйткені телекоммуникация саласында электр тогымен және күрделі жабдықтармен жұмыс істеу өте қауіпті. Бір ғана қателік талай абонентті байланыссыз қалдыруы мүмкін.
Биыл Азамат компания жастары арасында өткен «Мен және қауіпсіздік» байқауында жеңімпаз атанды. Оның басты ұстанымы: «Ең мықты ережелердің өзі адам оны саналы түрде сақтағанда ғана жұмыс істейді». Яғни, қауіпсіздік ең алдымен әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінде болуы керек.
Бұл сөздің жай айтыла салмағанын Азаматтың өз тәжірибесінен де көруге болады. Бірде ол асығыс орындалуы тиіс тапсырма кезінде қауіпті жағдайды байқап қалады. Уақыттың тығыздығына қарамастан, ол жұмысты дереу тоқтатады. Тәуекелдерді қайта бағалап, қауіптің көзін жояды. Содан кейін ғана істі аман-есен аяқтайды. Бұл оқиға қауіпті дер кезінде байқап, жұмысты тоқтата білу ауыр салдардың алдын алатынын көрсетті.
Тәжірибелі маман жас қызметкерлерге мынандай кеңес береді:
-
Үйренуден және сұрақ қоюдан ешқашан ұялмау керек;
-
Тәлімгерлердің ақыл-кеңесін мұқият тыңдаған абзал;
-
Тәжірибе уақыт өте келе жиналады, ал қауіпсіздік алғашқы жұмыс күнінен бастап бірінші орында тұруы тиіс.