Қоғам

ШҚО-да бұрынғы күйеуі алты баланың анасының құлағын кесіп алған (ВИДЕО)

ШҚО-да бұрынғы күйеуі алты баланың анасының құлағын кесіп алған (ВИДЕО)

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында сұмдық оқиға болды. Жергілікті тұрғын жұмыс уақытындағы үзіліс кезінде бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасап, құлағын кесіп алған. Қазіргі уақытта жәбірленуші ауруханада жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оған дейін де бірнеше рет өміріне қауіп төндіріп, қоқан-лоқы көрсеткен. Өз өмірі мен алты кәмелетке толмаған баласының қауіпсіздігі үшін қорыққан әйел полицияға бірнеше рет арызданған.

Сонымен қатар, қайғылы жағдайға дейін ол әлеуметтік желілерде көмек сұрап, видеоүндеулер жариялаған болатын. Шабуылдан кейін жәбірленуші құқық қорғау органдарының уақытылы шара қолданбауы осындай трагедияға алып келе жаздағанын мәлімдеді.

Ozgeris.info тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне сұрау жолдады.  

Полиция хабарлағандай, шабуыл дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«25 шілде күні полицияға Самар ауылының тұрғынына пышақ жарақаты салынғаны туралы хабарлама түскен. Жедел түрде 51 жастағы күдікті жәбірленушінің бұрынғы күйеуі ұсталды.Күдікті қамауға алынды, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.Жәбірленушімен кез келген байланысқа тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды», - деп хабарлады полиция.

Полиция өкілдерінің хабарлауынша, бұл азамат бұған дейін де әйелдің арыздары бойынша бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, сондай-ақ ата-аналық құқығынан айырылған.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», - деп хабарлады ведомстводан.

Барлық жаңалық