Атырауда 42 жастағы төрт баланың анасы өз үйінде қаза тапты. Қылмысқа күдікті ретінде марқұмның азаматтық некедегі жұбайы ұсталды. Қайғылы оқиға кезінде олардың үш жасар қызы оқиға орнында болған, деп жазады Ozgeris.info.
КТК мәліметінше, бесінші қабаттағы пәтерде әйелге азаматтық некедегі жұбайы үш жасар қызының көз алдында бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Көршілер әйелдің жан айқайын естімеген. Оқиғадан кейін бүлдіршін анасының жанында жалғыз қалып, бір тәулікке жуық уақыт өткізген. Ал күдікті оқиға орнынан бой тасалап кеткен.
Марқұм Алмагүл Шмирова төрт баланы тәрбиелеп отырған. Ол 38 жастағы Ерсінбек Жұмағалиевпен алты жыл бірге тұрған. Екі қызы тұрмыста болса, қалған екі қызы анасымен бірге өмір сүрген. Отбасы шағын дүкен ұстап кәсіппен айналысқан. Сол түні 16 жастағы қызы дүкенді жауып, құрбыларымен бірге үйге келген. Пәтерге кірген кезде қан іздерін байқап, ары қарай өткенде қанға боялған анасын және оның жанында ұйықтап жатқан қарындасын көрген.
Марқұмның анасының айтуынша, қызына аса ауыр дене жарақаттары салынған.
"Күдікті 28 жерден пышақ салған. Тіпті кеңірдегін тіліп жіберген. Денесінің сау-тамтығы жоқ", – дейді марқұмның анасы.
Күдікті төрт күннен кейін Атырау қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған.